Тәжікстан жоғарғы соты елдің қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Абдухалим Назарзоданың екі серігін өмір бойы түрмеде отыру жазасын кесті. Азаттықтың Тәжік редакциясының хабарлауынша, Садриддин Нематов пен Сиродж Одинаевке өмір бойына түрмеде отыру, Амрулло Нуровқа 23 жыл бас бостандығынан айыруға үкім етті. Сот жабық түрде өтті. Басқа сотталушылар мен оларға шыққан сот үкімі әзірге белгісіз.
Бұл іс бойынша сот отырысы өткен аптада аяқталған. Тәжікстанның Tojnews ақпарат агенттігі өз дереккөзіне сілтеме жасап, Назарзоданың жақтасы деген кем дегенде тоғыз адамның ұзақ мерзімге сотталғанын хабарлады.
Тәжік билігі 2015 жылы қыркүйектің басында Душанбеде полиция бөлімшесі мен қару-жарақ қоймасына жасалған шабуылға Абдухалим Назарзода басшылық еткен дейді. Назарзоданың өзі биліктің мәліметі бойынша Душанбе түбіндегі арнайы операцияда көзі жойылған. Шабуылдан 26 адам қаза тапқан.
Биыл мамырда Душанбе соты Назарзоданың ұлы Бахтиер Назаровты "конституциялық құрылысты өзгертуге жария түрде шақырды", "жаппай тәртіпсіздік жасауға үндеді" деген айыптармен 22 жылға соттаған.