Accessibility links

Мәжіліс жер кодексінің даулы баптарына мораторийды мақұлдады


Парламент мәжілісі, Астана (Көрнекі сурет)
Парламент мәжілісі, Астана (Көрнекі сурет)

Парламент мәжілісі жер кодексінің қоғамдық қарсылық тудырған кейбір баптарының күшіне енуін уақытша тоқтату туралы заң жобасын екі оқылымда мақұлдады.

Ресми агенттіктердің хабарлауынша, заң жобасын мәжілісте таныстырған ауылшаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов за жобасында президент Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы 2 қарашада қабылданған "Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының қолдануға мораторий енгізген кейбір нормалары бар екенін айтты. Ол нормаларда шетелдіктерге немесе азаматтығы жоқтарға, шетелдік заңды тұлғаларға және жарғылық капиталында шетелдіктердің үлесі 50 пайыздан көп заңды тұлғаларға ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді жалға пайдалануға беру қарастырылған. Сонымен қатар мораторий енгізілген ережелерде мемлекет меншігіндегі ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді жекеменшікке беру де бар.

Мәжілістің аграрлық мәселелер бойынша комитетінің қабылдау қызметі Азаттыққа заң жобасын сенатқа жіберу жайы мәжіліс отырысы соңында қаулы қабылдаған соң белгілі болатынын айтты.

24 сәуірде Атырау қаласында «жер мәселесіне» қатысты өткен алғашқы ірі шеруден кейін Қазақстанның өзге де бірнеше қаласында көпшіліктің қатысуымен наразылық акциялары өтті. Осы шерулерден соң Қазақстан президенті жер кодексіндегі шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту туралы даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, үкімет жанынан жер реформасын қоғаммен талқылайтын комиссия құрылған.

XS
SM
MD
LG