Иран Гаагадағы халықаралық сотқа АҚШ-та бұғатталған активтерін босатуды талап етіп, ресми түрде шағым түсірді. Гаага соты 15 маусымда Иран тарапынан шағым 14 маусымда түскенін хабарлады.
Иран президенті Хассан Роухани халыққа телеарна арқылы жолдаған үндеуінде үкімет "Орталық банктің екі миллиард доллар активін тәркілеп, жымқыруына байланысты БҰҰ халықаралық сотына АҚШ-тың үстінен ресми түрде шағымданғанын" хабарлады.
Гаага сотының бұл мәселемен айналысуға құзыреті бар-жоғы әзірге белгісіз.
Сәуір айында АҚШ жоғарғы соты бұғаудағы Иран активтері 1983 жылы АҚШ-тың Бейруттегі теңіз жаяу әскері казармаларын бомбалаудан және басқа да шабуылдардан қаза тапқан америкалықтар отбасыларына бөліп берілуі тиіс деген шешім шығарған. АҚШ бұл шабуылдарға Иранды айыптайды. Тегеран бұл шабуылдарға қатысын жоққа шығарады.