Accessibility links

Тәжікстанда жеті имам сотталды


Тәжікстанда сотталған имамдардың бірі Сулеймон Болтуев.
Тәжікстанда сотталған имамдардың бірі Сулеймон Болтуев.

Тәжікстанда тыйым салынған "Мұсылман бауырластығы" ұйымының идеяларын насихаттады деген айыппен жеті имам сотталды. Азаттықтың Тәжік редакциясының тергеуге жақын дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, Соғды облысының Бабаджан Гафур аудандық соты жергілікті мешіттің алты имамы мен бір дін қызметкеріне үш жылдан үш жыл төрт айға дейін бас бостандығынан айыру жазасын кескен.

Арасында Гүлістан қалалық орталық мешітінің имамы Сулеймон Болтуев пен Өзбекстан азаматы Махди Болтаев бар жеті имам наурыз айында ұсталған. Тергеу құпия түрде жүргізілген. Сот материалдары бойынша, 1990 жылдардың соңында сотталған алты адам "Мұсылман бауырластығы" діни ұйымына мүше болған. Сот отырысына тек сотталғандардың адвокаттары кіргізілді.

Тәжікстанда "Мұсылман бауырластығы" ұйымының қызметіне 2006 жылы тыйым салынған. Бірақ қазірге дейін бұл ұйымға мүше болуға қатысты тұтқындау туралы хабар сирек болған.

"Мұсылман бауырластығы" - 1928 жылы Египетте құрылған халықаралық діни-саяси ұйым. 2013 жылы Египетте исламшыл президент Мохаммед Мурси билігі құлатылған соң "Мұсылман бауырластығы" террористік ұйымдар тізіміне енгізіліп, қызметіне тыйым салынған.

XS
SM
MD
LG