Астанада бүгін өткен парламенттің бірлескен отырысында 2015 жылдың республикалық бюджетінің орындалуы жайында баяндама жасаған есеп комитетінің төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин «игерілмеген" қаржы көлемін 7,8 миллиард теңге деп, «бірқатар жүйелі кемшіліктер мен проблемалардың болғанын» мәлімдеді. Ал парламент отырысына қатысқан премьер-министр Кәрім Мәсімов бюджеттік бағдарламаны жасайтын әкімшілікте қаржы игеруге қатысты проблема барын мойындады.
- Бюджетке түсетін қосымша түсімдер әлеуеті толығымен пайдаланылмаған. Мәселен, жалған кәсіпкерлік фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істерге кінәлі адамдар анықталмағандықтан, не оларды іздестіру жүргізілмегендіктен тоқтатылды. Көрсетілген фактілер бойынша іс жүргізуде жатқан істердің жартысына жуығы тоқтатылған, - дейді ол.
Қозыкөрпеш Жаңбыршиннің дерегінше, «есепті кезеңде тиімсіз пайдаланылған" бюджет қаражатының сомасы 459,2 миллиард теңгені құраған және республикалық бюджеттің 7,8 миллиард теңгесі игерілмеген.
Парламент отырысында Мәсімов бюджеттің жоспарлануы мен түзілуі және орындалуына дейін жаңа жүйе жасалатынын айтты.
- Бұл кемшіліктер жыл сайын қайталанып келеді. Мен сіздерге өтінішпен ұсыныс жасағым келеді. Қазір біз белсенді түрде жаңа бюджеттік кодекс пен жаңа салық кодексін талқылап жатырмыз. Жыл ішінде парламентке келеміз. Бюджеттің жоспарлануы мен жасалуы және орындалуына дейін жаңа жүйе болады. «Осынша орындалды, мынанша орындалмады» деген құрғақ деректер болмауы керек. Біз халықтың жағдайын жақсартуға, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін мемлекеттің ресурстарын барынша қолдануымыз керек, - деді Мәсімов.
Депутат Қожаған Жабиевтің сөзінше, үкімет бюджеттің кіріс бөлігін 105, 7 пайызға орындаған. Бірақ, бюджетке екі мәрте жүргізілген нақтылаудан кейін кіріс бөлігі 938,2 миллиард теңгеге қысқарып кеткен. Сонымен қатар, депутаттың сөзінше, теңгенің долларға шаққандағы бағамы еркін айналымға көшу есебінен бюджеттің кіріс бөлігі қосымша 300 миллиард теңгеге салықтық түсімнен толыққан.
- Бюджетті жүйелі түрде үнемі нақтылап, түзету енгізу, Ұлттық қордан трансферттер алу бюджет кірісінің аса қиындықсыз орындалуына жеңілдіктер берді, - дейді депутат.
Парламент сенаты мен мәжілісінің бірлескен отырысы үкімет пен есеп комитетінің есептерін бекітумен аяқталды.