Accessibility links

АҚШ дипломаттары Асад армиясына соққы беруге шақырады


Сирия үкіметі әскерінің Алеппо маңына жасаған шабуылынан қаза тапқандардың денесін әкетіп барады. Сирия, 30 мамыр 2016 жыл.
Сирия үкіметі әскерінің Алеппо маңына жасаған шабуылынан қаза тапқандардың денесін әкетіп барады. Сирия, 30 мамыр 2016 жыл.

АҚШ мемлекеттік департаментінің қызметкерлері АҚ үйді Сирия президенті Башар Асад билігіне қарсы батыл шешуші шаралар жасауға шақырып жатыр. Америкалық Wall Street Journal басылымы бұл туралы мемлекеттік департаменттің елуден астам қызметкерінің қолы қойылған қызметтік құжат түскенін хабарлады. Департамент өкілдері егер АҚШ Сириядағы сүнниттерді өз жағына шығарып, оларды экстремистік "Ислам мемлекеті" ұйымын қолдамауға көндіргісі келсе халықтың көпшілігін Вашингтонның Асад билігін құлату ниетінің шынайылығына сендіру керек дейді. Сирияда бітім орнату туралы ақпанда жасалған келісімнің орындалмауы Сирия үкіметі әскеріне әскери соққы беруден өзге жол қалдырмай тұр делінген құжатта.

Департамент қызметкерлері АҚШ-тың қазіргі билігінің Сириядағы соғыста қандай да бір тарапты тұрақты қолдауға құлық танытпауына қарсылық білдіреді. Қол қойғандар Асадтың бітім келісімін сан рет бұзғанын және оның армиясының Ресейдің әскери қолдауымен Вашингтоннан көмек алатын көтерілісшіл топтарға қарсы операцияларын айтқан.

АҚШ билігінде дипломаттардың Ақ үйдің Сирияға қатысты саясатына мұндай ауқымда және ұйымдасқан түрде келіспеуі бірінші рет болып отыр.

Мемлекеттік департамент аталған құжат болғанын растағанымен, оның басшылық қарағанға дейін мазмұнына қатысты комментарий беруден бас тартты. АҚШ президенті Барак Обама әкімшілігі Асад билігіне қарсы әскери операциялар Ресеймен немесе Иранмен тікелей қақтығысқа әкеп соқтыруы мүмкін дейді.

XS
SM
MD
LG