Accessibility links

Алматыда жер комиссиясының отырысы өтіп жатыр


Жер комиссиясының жиыны. Алматы, 17 маусым 2016 жыл.
Жер комиссиясының жиыны. Алматы, 17 маусым 2016 жыл.

Алматының Алмалы аудандық әкімдігінде жер реформасы жөніндегі республикалық комиссия мүшелерінің кезекті отырысы басталды. Отырысқа комиссия мүшелері, қоғамдық және азаматтық белсенділер Дос Көшім, Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан, журналист Гүлжан Ерғалиева қатысып жатыр.

Отырыста сөйлеген Гүлжан Ерғалиева Қазақстанда ірі жер иеленушілердің қанша жері бар, оны қалай алғаны, қалай пайдаланып жатқанына қатысты деректердің жариялануы керегін, жер мәселесіне байланысты тұтқындалған белсенділерді босату мәселелерін көтерді.

Дос Көшім кейбір облыстар мен қалаларда комиссия отырысына халықтың көп бөлігі қатыса алмағанын айтты. "Мысалы, бұған дейін Көкшетауда болған комиссия отырысы қаланың бір түкпірінде өтті, оған қатысқысы келгендердің көбі жете алмады" деді ол.

24 сәуірде Атырау қаласында «жер мәселесіне» қатысты өткен алғашқы ірі шеруден кейін Қазақстанның өзге де бірнеше қаласында көпшіліктің қатысуымен наразылық акциялары өтті. Осы шерулерден соң Қазақстан президенті жер кодексіндегі шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту туралы даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, үкімет жанынан жер реформасын қоғаммен талқылайтын комиссия құрылған.

Комиссия құрылғаннан бері апта сайын Астанадан бастап облыс, қалаларда қоғам өкілдері, фермерлер, ауылшаруашылығы салалары өкілдері және мүдделеі тараптармен кездесу өткізіп келеді. Комиссияның Алматы облысындағы кезекті отырысы 18 маусымда Алматы іргесіндегі Байсерке елді мекенінде өтпек.

XS
SM
MD
LG