Accessibility links

Рамазан Есіргепов аштық жариялады


Рамазан Есіргепов, "Журналистер қауіп-қатерде" қоғамдық ұйымының жетекшісі.
Рамазан Есіргепов, "Журналистер қауіп-қатерде" қоғамдық ұйымының жетекшісі.

"Журналистер қауіп-қатерде" қоғамдық ұйымының жетекшісі Рамазан Есіргепов Қазақстан билігінен жер мәселесіне қатысты пікірін білдіріп, қамалған белсенділерді қудалауды тоқтатуды талап етіп, 20 маусымнан бастап аштық жариялады.

Есіргеповтің айтуынша, Қазақстан билігі "Жаңаөзен-2011" халықаралық комитетінің жер мәселесіне қатысты митинг қарсаңында ұсталып, қылмыстық іс қозғалған азаматтық белсенділер Макс Боқаев, Талғат Аян, Жанат Есентаев, Ғатауғали Бохан, Сағынғали Қапизов, Құбайдолла Шолақ, Махамбет Әбжанды 20 маусымға дейін қудалауды тоқтату туралы мәлімдемесіне "сырғытпа жауап" қана алған. Оның сөзінше, билік орындарынан келген жауапта белсенділерге қатысты істі ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарап жатқаны ғана айтылған.

"Билікке мәлімдемемізде 20 маусым - БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитетінің 117-сессиясының ашылатын күні аталған белсенділердің құқығы мен бас бостандықтарына қатысты әділетті, заң шеңберінде шынайы жауап берілмесе шексіз мерзімге аштық жариялайтынымызды ескерттік" дейді Рамазан Есіргепов Азаттыққа. Ол аштықты өзі бас редактор болған "Алма-Ата инфо" газетінің кеңсесінде ұстап жатқанын айтты.

Есіргепов сонымен қатар халықаралық ұйымдар мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары Шаңырақ оқиғасына қатысты сотталған ақын Арон Атабек (Едігеев), оппозицияшыл саясаткер Владимир Козлов, құқық қорғаушы Вадим Курамшин, журналист Гузяль Байдалинова заңсыз сотталды деп танығанын айтады.

Рамазан Есіргепов бұған қоса Қазақстан билігі БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитетінің құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, "Қазатомөндіріс" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті, түрмеде отырған Мұхтар Жәкішевке және өзіне қатысты шығарған шешімдерін орындамай отыр дейді.

XS
SM
MD
LG