Сирияның басты оппозициялық тобы БҰҰ-ны Ресейдің Сирияда "кассеталық және өртегіш бомбаны бірнеше рет қолданғанына" қатысты тергеу жүргізуді сұрады.
"Ресей әуе күштері сириялық бейбіт тұрғындарды террорға ұшыратып, жаралап, өлтіру үшін кассеталық және өртегіш бомбаларды бірнеше рет қолданды. Кем дегенде он мұндай он оқиға құжатталған" деген Сирия жоғарғы келіссөз комитетінің үйлестірушісі Риад Хижаб БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунға жазған хатында.
"Ресей әуе күштері әдеттегі қару-жарақты қолдану конвенциясын бұзып, халықаралық гуманитарлық заңды аяққа таптап отыр" деді Риад Хижаб.
Ол жерге түскенде өртенетін термитті бомбаны "шағын ядролық бомбаға" теңеп, Ресей әуе күштерін мұндай қаруларды бейбіт халық тұратын аудандарда талай рет қолданды деп айыптады.
Өртегіш бомбаларда нысандар мен адамдарды өртеуге арналған заттар бар. Ал кассеталық бомбада шағын бомбалары бар контейнер болады. Ол әуеде жарылғанда үлкен аумаққа шағын көптеген бомбаларды тастау үшін қолданылады. Бұл екі қару түрін де конвенция бойынша пайдалануға тыйым салынған.
Ресей әскерилері Сирияда өртегіш я кассеталық бомбаларды қолданғанын жоқа шығарады. Бірақ Ресейдің мемлекеттік Russia Today агенттігінің өткен аптадағы хабарында Сириядағы Ресей ұшақтарының осындай қарулармен жабдықталғаны байқалады.