Accessibility links

Обама: АҚШ Ұлыбритания халқының таңдауын құрметтейді


АҚШ президенті Барак Обама.
АҚШ президенті Барак Обама.

АҚШ президенті Барак Обама Ұлыбританиядағы референдум қорытындысы туралы арнайы мәлімдеме жасады. Онда Біріккен Корольдік тұрғындарының шешіміне Ақ үйдің құрмет танытатыны айтылған.

Мәлімдемеде АҚШ пен Ұлыбритания арасындағы ерекше қарым-қатынас сақталатыны, ал Ұлыбританияның НАТО ұйымына мүшелігі АҚШ-тың сыртқы саясатының, қауіпсіздігі мен экономикасының маңызды іргестасы болып қалатыны айтылған.

АҚШ сонымен бірге бүкіл Еуропа құрлығында және одан тысқары аймақтарда тұрақтылықтың орнауына, экономикалық дамуды ынталандыруға және демократиялық құндылықтардың таралуына үлкен үлес қосқан Еуропа Одағымен қарым-қатынасын да бұрынғысынша жалғастырады делінген мәлімдемеде.

АҚШ үшін Біріккен Корольдік пен Еуропа Одағы Еуропаның, Ұлыбританияның және әлемнің өркендеуін, тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орны бөлек әріптес болып қала береді дейді Вашингтон.

Жұма күні АҚШ вице-президенті Джозеф Байден Дублиндегі сөзінде АҚШ Ұлыбританияның Еуропа Одағына мүшелігіне қатысты өткен референдум қорытындысының басқаша болғанын қалағанын, бірақ британ азаматтарының дауыс беру «нәтижесін құрметтейтінін» мәлімдеген.

24 маусымда Ұлыбританиядағы референдумның түпкілікті нәтижесі жарияланып, елдің одақтан шығатыны анық болған соң премьер-министр Дэвид Кэмерон күзге дейін отставкаға кететінін мәлімдеді. Бұл референдум нәтижесі екінші дүниежүзілік соғыстан бергі кезеңдегі Еуропаның бірігу жобасына берілген ең ауыр соққы болды деп жазды Reuters.

АҚШ президенті Барак Обама биыл сәуірде Лондонға барған кезде Ұлыбритания азаматтарына елдің Еуропа Одағы құрамында қалуының маңызды екенін айтып, одақ құрамынан шықпауға үндеген еді. Еуропа Одағынан шығуды қолдайтын британдықтар АҚШ президентінің ісін елдің ішкі мәселесіне араласқан «үгітке» балап, сынға алған.

XS
SM
MD
LG