Accessibility links

Сомалиде «әл-Шабаб» тобы шабуылынан 15 адам мерт болған


Экстремистер шабуыл жасаған Ambassador қонақүйі ғимараты жанында тұрған адам. Могадишо, Сомали, 1 маусым 2016 жыл.
Экстремистер шабуыл жасаған Ambassador қонақүйі ғимараты жанында тұрған адам. Могадишо, Сомали, 1 маусым 2016 жыл.

Сомалидегі «әл-Шабаб» экстремистік тобы ел астанасы Могадишо қаласындағы қонақүйге сенбі күні жасалған шабуылға жауапкершілікті алатынын мәлімдеді. Шабуыл салдарынан 15 адам қаза тауып, кемінде жиырма адам жараланған.

Маусымның 25-і күні Могадишоның солтүстігіндегі Naso-Hablod қонақүйі жанына тоқтаған автокөлікті жанкешті жарып жібергеннен кейін ғимаратқа баса-көктеп кірген қарулы топ ішіндегі адамдарды кепілдікке алған. Жарылыс салдарынан қонақүйдің сыртында жұмыс істеп жатқан қызметкерлер мерт болған. Куәгердің айтуынша, қонақүйге кірген бетте содырлар оңды-соңды оқ жаудырған.

Оқиға орнына келген полиция ғимаратты шабуылмен алған. Полиция өкілі Reuters агенттігіне кепілдегі адамдардың көбі қосалқы есік арқылы қашып шыққанын айтқан.

Associated Press агенттігінің мәліметі бойынша, полиция шабуылға күдікті екі адамды атып өлтірген.

«Әл-Шабаб» экстремистік тобы Сомалиде соңғы жылдары үкіметке қарсы шабуылдарды жиілетті. Маусымның басында Могадишоның орталығындағы Ambassador қонақүйіне содырлардың қарулы шабуылы салдарынан кемінде 20 адам қаза тауып, 60 адам жараланған. Өлгендердің екеуі - сомалилік депутаттар.

XS
SM
MD
LG