Accessibility links

Бельгияда ұсталған екі адамға терроризм айыбы тағылған


Брюссельдің орталығында жүрген бельгиялық полиция қызметкерлері. 18 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Брюссельдің орталығында жүрген бельгиялық полиция қызметкерлері. 18 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Бельгияда сенбіге қараған түні ұсталған екі адамға «террорлық топқа қатысы болған» деген айып тағылғаны туралы Бельгия прокуратурасы хабарлаған.

Прокуратура ақпаратында ұсталғандардан қару-жарақ пен жарылғыш зат табылмағаны айтылған.

Бұған дейін бельгиялық RTBF телеарнасы Вервье және Монс қалаларында жүргізілген террорға қарсы операциялар барысында полицияның екі адамды қолға түсіргені туралы хабарлаған. Олар жексенбі күні Еуропа футбол чемпионатындағы Бельгия мен Венгрия құрамалары арасында өтетін матч кезінде қоғамдық орында жарылыс жасамақ болған деген күдікпен ұсталған.

Бұдан бір апта бұрын, маусымның 18-іне қараған түні Бельгия полициясы арнайы шаралар барысында ұстаған 12 адамның үшеуіне кейін прокуратура террористік қызметке қатысты ресми айып тағып, олар тұтқындалған, ал қалған тоғызы босатылған.

Биыл 22 наурызда Брюссель әуежайы мен метросына жасалған террорлық шабуылдар салдарынан 32 адам қаза тауып, 250 адам зардап шеккен. «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы ол шабуылдарға жауапкершілікті өзіне алатынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG