Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев пен Өзбекстан президенті Ислам Каримов Ташкентте өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммиті кезіндегі екіжақты кездесуде шекара мәселесі мен екі елдің қарым-қатынастарын талқылаған. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне Қырғызстан президенті аппаратының сыртқы саясат бөлімі меңгерушісі Сапар Исаков хабарлаған.
– Кездесуде шекара мәселесі көтерілді. Келіссөздер қорытындысы бойынша, бұл мәселе жөнінде диалогты жалғастыру ұйғарылған. Президенттер егер қандай да бір түсініспеушілік туындаса, мәселені екі елдің премьер-министрлері шешеді деп келіскен. Екі елдің үкімет басшыларына тапсырма берілген. Таяу күндері олар келіссөздер өткізеді. Бәлкім, телефон арқылы сөйлесер немесе кездесулері мүмкін. Қос президенттің шешіміне сай, көршілес мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас позитивтік арнада дамитын болады, - деді Исаков.
Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммиті 23-24 маусым күндері Ташкентте өткен.