Испанияда өткен парламент сайлауында берілген дауыстың 90 пайызын есептегендегі мәлімет бойынша, консервативті Халықтық партия берілген дауыстың 28 пайызын иеленіп, жеңіске жеткенімен, үкіметті жасақтауға жеткілікті дауыс жинай алмайды.
Ал Социалистік жұмысшылар партиясы екінші орында тұр.
Солшыл "Юнидос Подемос" коалициясы мен оңшыл "Азаматтар" партиясы үшінші және төртінші орындарда тұр.
Сайлау учаскелерінен алынған сауалнама қорытындысы бойынша, елдің қазіргі премьері Мариано Рахой жетекшілік ететін Халықтық партия парламенттегі 350 орынның 136-сын, Социалистік жұмысшылар партиясы 86 орынды иеленген.
"Юнидос Подемос" партиясы 71 орын, "Азаматтар партиясы 32 орын иеленген болуы мүмкін.
Испан сайлаушылары бұл жолы парламенттің төменгі палатасы – конгреске 350 депутат және сенатқа 208 депутат сайлайды.
Бұл Испанияда соңғы жарты жылда өтіп жатқан екінші сайлау. Былтыр 20 желтоқсанда өткен жалпыға бірдей сайлау нәтижесінде халық партиясы жеңіске жеткенімен парламентте көпшілік дауысқа ие бола алмаған еді. Партия өзге саяси күштермен министрлер кабинетін жасақтау туралы келісімге келе алмаған соң Испания королі төртінші Филип парламент сайлауын қайта өткізуді маусымның 26-сына тағайындаған болатын.