Парламент мәжілісінде бүгін әуе кеңістігін пайдалану және fpfvfnns0 авиация қызметі мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы таныстырылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. 287 өзгерту мен толықтыруды қамтитын заң жобасының негізгі бағыттарын атап өткен инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау ұшақ экипажын медициналық тексеруден өткізу талаптары күшейтілетіні туралы айтты.
- Жалған сараптамамен ұшуға өткізілгені анықталса, медициналық қызметкерге 100 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Ал жалған сараптама қайталанған жағдайда 200 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынбақ, - деді вице-министр.
Ал жаңа заң жобасы бойынша әуе компанияларын жоспарлы тексеру қысқарып, таңдап тексеру туралы ұсынысты мәжілістің бірнеше депутаты сынға алды.
- Авиация саласы ерекше сала. Онда тексеруі қиын, тексерістен ығыры шыққан миллиондаған өндіріс жоқ. Олар қатаң бақылауда болуы керек. Күнде тексерсе де артық емес, - дейді депутат Аманжан Жамалов.
Заң жобасында сонымен қатар, шағын азаматтық әуе тасымалы қызметін көрсететіндерден аэронавигациялық салықты алып тастау, азаматтық авиация қызметінің әуе тасымалы қызметін көрсететіндерді жоспарлы емес, іріктеп тексеру жүйесін енгізу де ұсынылып отыр.
Сонымен бірге, отырыс барысында депутаттар талқылауға қатысқан азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметовке Қазақстан азаматтық авиациясындағы билет бағасының қымбаттығын, әуежай маңындағы «заңсыз такси», кей өңірлерде әуе байланысының жоқтығын, ұшқыштар жауапкершілігін арттыру мәселелерін қойды.