Ресей президенті Владимир Путин Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефонмен сөйлескен соң ресейлік туристердің Түркияға баруына салынған тыйымды алып тастауға шақырды. Ресми мәліметке қарағанда, 45 минутқа созылған әңгіме барысында екі ел басшысы қарым-қатынасты қалпына келтіруге уәде еткен.
2015 жылы қарашаның 24-і күні Түркия әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшағы «әуе кеңістігімізге кіріп кетті» деп, Ресейдің СУ-24 ұшағын атып құлатып, ұшқыш қаза тапқан. Бұл оқиғадан кейін Режеп Тайып Ердоған «Ресей ұшағының Түркияның Сириямен шекарасын бұзып кіргенін, бірақ өз елінің ұшақ ату оқиғасына қатысты Ресеймен қарым-қатынасын ушықтырғысы келмейтінін айтқан. Ресей президенті Владимир Путин бұл оқиғаны «ту сыртымыздан берілген соққы» деп атап, Түркияға санкция жариялаған.
Осы аптада Ердоғаннан Кремльге ұшқыштың қазасына көңіл айтқан хат жолдаған. Путин бұл хат екі жақты қарым-қатынастардағы "дағдарыс басын жабуға" мүмкіндік берді деп мәлімдеген.
Владимир Путиннің сөзінше, Мәскеу туристік сапар мен әуе тасымалына салынған тыйымды алып тастаудан өзге түрік азық-түлігін тасымалдауға салған эмбаргосын да алып тастайды.
Ресей санкциялары Түркияның туризм индустриясына кері әсер еткен. Ресей үкіметіндегі дереккөздердің мәліметінше, барлық шектеу таяу бірнеше күнде алынып тасталуы мүмкін.
Қазақстан билігінің хабарлауынша, Ердоған президент Нұрсұлтан Назарбаевқа да телефон соғып, оған Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтірудегі көмегі үшін алғыс білдірген.
Ердоған 29 маусымда қыркүйекте Қытайда өтетін "үлкен жиырмалық" (G20) елдерінің саммиті аясында Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізетінін айтты.