Қазақстан үкіметінің қаулысымен құрылған жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысы бүгін Қызылорда облысы Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында өтіп жатыр. Жиынды жер комиссиясының жаңадан тағайындалған төрағасы – Қазақстан вице-премьері әрі ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жүргізіп отыр.
Комиссия мүшелерімен бірге отырысқа Қазақстанның әр аймағынан фермерлік шаруашылық жетекшілері, қоғам өкілдері қатысып отыр. Жиында сөйлегендер елде ауыл шаруашылығы жерін жеке меншікке беруге қатысты қарама-қайшы пікірлер білдірді.
Қызылорда облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының төрағасы Сәдуақас Аңсат жерді жеке меншікке беруге қарсылығын білдіріп, «жерді тек жалға беруге» шақырды. Комиссия мүшесі Жанарбек Әшімжанов «үлкен жер көлемін иеленіп отырған латифундистердің есімін баспасөзде жариялауды» ұсынды. Ал жерді жеке меншікке беруді қолдайтын бұрынғы сенат депутаты Бақберген Доспанбетов фермер «жер өз меншігінде болса ғана оған ақша салатынын» айтып, өзін мысалға келтірді. Кей адамдар жер мәселесімен шектеліп қалмай, ауылдағы жұмыссыздық жайы, кедейшілік, қазақ тілінің мәселесі, діни ағымдар туралы да айтты.
Комиссия отырысына бірқатар үкімет шенеуніктері, сонымен бірге телебайланыс арқылы Қызылорда облысының аудандары да қатысып отыр.
Мамыр айында Қазақстанның бірнеше аймағында үкіметтің жер реформасына жұртшылықтың қарсылық акциялары өткен соң билік ауыл шаруашылығы жерін жеке меншікке сату және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру жоспарын тоқтатқан. Наразылық акциясына қатысқан бірнеше белсендінің үстінен «мемлекеттік билік құрылымын күштеп өзгертпек болды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалып, қазір олар қамауда отыр. Жер реформасына қарсы шыққан белсенділер өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды.