Қазақстанда мамырдағы мәлімет бойынша, соның алдындағы бір жылдық кезеңмен салыстырғанда банкомат саны 5 пайызға азайып, 9771-ден 9304-ке түскен. Бұл туралы Ranking.kz қаржы-экономикалық талдау сайты хабарлады.
Елдегі банкоматтардың жартысы негізінен төрт аймақта – Алматы (19,3%), Астана (10,7%), Қарағанды облысы (8%) және Шығыс Қазақстан облысында (7,8%) шоғырланған.
Мамыр айының соңындағы мәліметке сай, елде 15 миллионға жуық төлем картасы бар. Карта иелерінің саны – 13,9 миллион адам.
Биылғы мамырдағы транзакциялар көлемі соның алдындағы бір жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 22,8 пайызға ұлғайып, 827,9 миллиард теңгені құраған.
Қолма-қол ақшасыз банкомат арқылы банк картасымен төлем жасау көрсеткіші 1 миллион 185,8 мың транзакцияны немесе 15 миллиард 857,7 миллион теңгені құраған. Аталған кезең ішінде банкоматтар арқылы 600 миллиард 852,7 миллион теңге қолма-қол ақша берілген.