Астанада қазақ күресінен жыл сайын өтетін "Қазақстан барысы" турнирі аяқталды.
Әр облыстан іріктелген 34 балуан қатысқан жарыс финалында Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл облысы) пен Жұманазар Ерсұлтанов (Оңтүстік Қазақстан облысы) кездесті. Белдесу барысында Ыстыбаев қарсыласын аяқтан шалып құлатып, жарыстың бас жүлдесін иеленді.
Бейбіт Ыстыбаев бұған дейін де екі рет - былтыр және 2012 жылы "Қазақстан барысы" турнирінің жеңімпазы атанған.
Биыл қола медаль Дәулетхан Жақыповқа (Жамбыл облысы) бұйырды. Ол қола жүлде үшін күресте Айбол Айтбектен (Жамбыл облысы) күш асырды.
Жеңімпаз бас жүлдеге 25 миллион теңге және Астанадан пәтер алды. Екінші орын алған балуанға - бес жарым миллион теңге, ал үшінші орынға - бір миллион теңге ақшалай сыйлық берілді.