Еуропа лигасы іріктеу кезеңінің бірінші раунды аяқталды. Іріктеуге қатысқан қазақстандық үш клубтың тек біреуі ғана екінші раундқа өтті.
Алматылық "Қайрат" өз алаңында албаниялық "Теута" командасын 5:0 есебімен жеңді. Албанияда өткен бірінші матчта да "Қайрат" 1:0 есебімен басым түскен. Қос матч қорытындысы бойынша "Қайрат" екінші кезеңге шықты. Енді алматылық клуб "Маккаби Тель-Авив" (Израиль) клубымен ойнайды.
Ал "Ақтөбе" командасы қос матч қорытындысы бойынша венгриялық "МТК" клубынан 3:1 есебімен жеңіліп, жарысты аяқтады.
Шымкенттің "Ордабасы" клубы сербиялық "Чукарички" командасынан екі матчта 6:3 есебімен ұтылып, екінші кезеңге шыға алмады.
Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчы 14 шілдеде, қарымта матчы 21 шілдеде өтеді.