Accessibility links

Варшавада НАТО саммиті басталады


Польша президенті Анджей Дуда НАТО бас хатшысының орынбасары Александр Вершбоуға орден тапсырып тұр. Варшава, 7 шілде 2016 жыл.
Польша президенті Анджей Дуда НАТО бас хатшысының орынбасары Александр Вершбоуға орден тапсырып тұр. Варшава, 7 шілде 2016 жыл.

Бүгін Польша астанасы Варшавада екі күндік НАТО саммиті басталады. Саммитте осы әскери альянсқа мүше елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралмақ. Одақтастар Эстония, Латвия, Литва мен Польшада көпұлтты батальондарды орналастыру жайын талқылайды. Ал Румыниядағы батальон НАТО-ның оңтүстік-шығыс Еуропадағы шебін күзетпек.

Саммит Польшада алғаш рет өтпек. Associated Press ақпарат агенттігі хабарынша, Польша қорғаныс министрі Антоний Мачеревич «Польша НАТО-ның толық құқылы мүшесі болды» деп мәлімдеп, бұл елде де одақ әскері орналасатынын айтқан. «Бұл тек саяси шешім емес, поляктар НАТО әскерінің қорғауында болуды 70 жыл бойы аңсап келген» деді Антоний Мачеревич.

НАТО одақ шекарасынан тыс жердегі қауіпсіздікті де нығайту мақсатында Ирактағы оқыту миссиясын жалғастыра бермек және Жерорта теңізіндегі ықпалы күшейтпек. НАТО "Ислам мемлекеті" содырларымен соғысу үшін де барлаушы ұшақтарын жіберу мәселесін қарастырады. Альянс Ауғанстанға әскери және қаржылай көмегін жалғастыра береді, Украина, Грузия және Молдовамен байланысын дамытады.

НАТО саммиті осымен 27 рет өтіп отыр. Одаққа мүше елдер басшыларының алғашқы бас қосуы 1957 жылы ұйымдастырылды. Ал Польшадағы бүгінгі саммитке 58 елдің ресми делегациясы, екі жарым мың өкіл, екі мыңнан астам журналист қатысады.

XS
SM
MD
LG