ҰҚК Тоқтар Төлешовке қатысты тергеуді аяқтағанын хабарлады
2016 жылы шілденің 9-ы күні Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми сайты таратқан мәлімдемеде "Төлешов Тоқтар Жүсіпұлына қатысты қылмыстық істің негізгі эпизодтары бойынша тергеу аяқталды" деп жазылған.
ҰҚК сайтында бұдан артық ақпарат берілмеген. Кейбір жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, ҰҚК тергеу туралы "Кәсіпкерге "билікті күшпен басып алуға талпынды" деген айып тағылған. Тергеу болжамы бойынша, Төлешов бұрынғы және қазіргі шенеуніктер мен әскери бөлімдер командирлері арасынан жақтастар іздеген" деген шағын ақпарат берген.
Бұдан бір ай бұрын, маусымның 6-сы күні ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев "Тоқтар Төлешов билікті күшпен басып алуға дайындық жұмыстарын жүргізген, бірнеше қалада өткен жер реформасына қарсы акцияларды қаржыландырған" деп мәлімдеген еді.
ҰҚК баспасөз қызметі өкілі "Оның жоспарында елде қауырттылық ошақтарын құру арқылы елдегі жағдайды тұрақсыздандыру, наразылық акциялары жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру, оның аясында "балама үкімет" жасақтап, қазіргі биліктің құрылымын өзгерту қарастырылған" деген еді.
Прокуратура мен ҰҚК өкілдері брифингінде "Төлешовтің бірнеше сыбайлас жақтастары тұтқындалғаны" хабарланды. Олардың қатарында "Қазақстанның бас прокурорының бұрынғы орынбасары, конституциялық кеңестің бұрынғы мүшесі бар". Сонымен қатар, әділет саласының мемлекеттік кеңесшісі Ілияс Бақтыбаев пен Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД бұрынғы бастығы генерал-майор Хибратулла Досқалиевтің және т.б. тұлғалардың аттары аталған болатын.
Қаңтарда ұсталған кәсіпкер Тоқтар Төлешовті қамауға алу туралы санкцияны Астананың Алматы аудандық 2-соты ақпанның 1-і күні шығарған еді. Төлешов қылмыстық кодекстің 266-бабы ("қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлікті сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзірлеу") және 297-бабы ("Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу") бойынша күдікті деп танылған.