Accessibility links

Апелляциялық сот Байдалиноваға шартты жаза тағайындауға қаулы етті


Nakanune.kz оппозициялық сайтында «Қазкоммерцбанк» жайлы тапсырыспен жарияланған делінген мақалаларға қатысты іс бойынша сотталғандардың апелляциялық шағымына байланысты сот отырысы. Алматы, 12 шілде 2016 жыл. Соттағы монитордан скриншот.
Nakanune.kz оппозициялық сайтында «Қазкоммерцбанк» жайлы тапсырыспен жарияланған делінген мақалаларға қатысты іс бойынша сотталғандардың апелляциялық шағымына байланысты сот отырысы. Алматы, 12 шілде 2016 жыл. Соттағы монитордан скриншот.

Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы Nakanune.kz оппозициялық сайтында «Қазкоммерцбанк» туралы тапсырыспен жасалуы мүмкін делінген мақалаларды жариялаған деген айыппен сотталғандардың шағымын қарай келе, Алмалы аудандық сотының бұған дейін шығарған үкімін өзгертті. Бүгін апелляциялық сот алқасы Nakanune.kz сайтының редакторы әрі меншік иесі Гузяль Байдалинованы бір жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы сот тағайындаған жазаны шартты мерзімге ауыстырды. 2015 жылғы желтоқсан айынан бері қамауда отырған Байдалинова, апелляциялық сот қаулысына сәйкес, дереу бостандыққа шығатын болды. Сот шешімі бойынша, Гузяль Байдалинова Алматы қаласы аумағынан шықпауы тиіс және полиция бақылауында болады.

Апелляциялық сот отырысы Гузяль Байдалинованың қатысуынсыз өтті. Байдалинованың адвокаты Инесса Кисилева апелляциялық соттың шешіміне қанағаттанатынын білдіріп, соттан Байдалинованы толық ақтауды сұрағанын айтты.

Апелляциялық сот алқасының қаулысына сәйкес, аудандық сот үкімімен «Қазкоммерцбанкті» қаралайтын мақалалар жариялауға тапсырыс берген деп танылған кәсіпкер Тайыр Қалдыбаевтың үкімі күшін жойды. Сот Қалдыбаевтың қазасына байланысты бұған дейін оның үстінен қозғалған қылмыстық істі доғару туралы қаулы қабылдады. Кәсіпкер Тайыр Қалдыбаевтың жансыз денесі 5 шілде күні Алматыдағы тергеу абақтысының камерасында асулы тұрған күйі табылған. Алдын ала ресми мәлімет бойынша, ол өзіне өзі қол жұмсаған. Тайыр Қалдыбаевтың адвокаттары мен марқұмның жесірі комментарий беруден бас тартты.

Сот кеңесуге кеткенге дейін прокурор сот алқасынан Тайыр Қалдыбаевқа қатысты істі оның қазасына байланысты доғаруды, ал Гузяль Байдалиноваға шығарылған үкімді күшінде қалдыруды сұраған.

23 мамырда Алмалы аудандық соты жалған ақпарат таратқан деп айыпталған Тайыр Қалдыбаевты төрт жарым жылға, ал Гузяль Байдалинованы – бір жарым жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG