Accessibility links

ОҚО-да «теріс діни ағымда жүрген 3 мыңға жуық адам бары» айтылды


Оңтүстік Қазақстан облысының имамдары форумы. Шымкент, 12 шілде 2016 жыл.
Оңтүстік Қазақстан облысының имамдары форумы. Шымкент, 12 шілде 2016 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстанда тыйым салынған 7 діни ағымда жүрген 3 мыңға жуық адам бар деп мәлімдеді осы облыстың наиб имамы Амантай Садиев.

"Теріс діни ағымға кіріп кеткендердің сақал қою және киім кию үлгісі өзгеше болады. Ең үлкен белгісі - олар "Алла қайда?" десе, "аспанда" деп жауап беретіні. Олар Аллаға мекен берумен адасады" дейді найб имам.

«Оңтүстік Қазақстан облысының имамдары» атты облыстық форумда сөйлеген Амантай Садиев «елдің бас өңірлерімен салыстырғанда Оңтүстік Қазақстан облысында діни ахуал тұрақты» екенін айтады.

Шымкенттегі бұл форум елдегі «дәстүрлі исламды – исламның Әбу Ханифа мазхабын насихаттайтын бірегей және біртұтас ислами ұйым» ретінде биліктің тіркеуінен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысындағы жүздеген имамның басын қосып, Құран оқумен басталған форумда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, қажылық маусымды кеңінен насихаттау, дін мен дәстүрді сабақтастыру сынды мәселелер де сөз болды.

Қазақстанда діни радикализм жайы 5 маусымда Ақтөбеде болған қарулы шабуылдан кейін тағы жиі айтыла бастады. Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев ол шабуылды дінмен байланыстырып: «Мұның дәстүрлі емес салафизм діни ағымы жолын ұстанушылар тобының террористік шабуылы екенін біз қазір біліп отырмыз» деп мәлімдеген.

Ақтөбедегі шабуылдардан төрт бейбіт тұрғын мен үш әскери қызметкер қаза тапқан. Бұл оқиғадан соң басталған терроризмге қарсы арнайы операция кезінде, ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, 9 күдікті ұсталып, 18-інің көзі жойылған. Арнайы операция 12 маусымда аяқталған.

XS
SM
MD
LG