АҚШ сенаторлары Иранның баллистикалық зымыран бағдарламасына қатысы бар адамдарға санкция салуды және АҚШ президентінен Тегеранға қарсы қару-жарақ эмбаргосын салуды талап ететін заң жобасын ұсынды. Заң жобасын 13 шілдеде Республикашыл партия сенаторлары, сенаттың халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы Боб Коркер мен Марко Рубио және Демократиялық партия өкілдері Роберт Менендес пен Джо Манчин ұсынған. Құжатта Иранның баллистикалық зымыран бағдарламасын дамытуына қарсы санкцияларды күшейту және Иранға қарапайым қару-жарақтарды экспорттау және бұл елден импорттауға тыйым салу көзделген.
Заң жобасының мақсаты - Иранды террористік топтарды қаржыландыруын тоқтатпай отырғаны және баллистикалық зымыран бағдарламасы үшін жауапқа тарту. АҚШ пен Батыс елдері Иран баллистикалық зымыран бағдарламасын БҰҰ шектеулерін бұза отырып дамытып жатыр деп санайды.
Жаңа заң жобасы сонымен қатар 2016 жылдың соңында мерзімі бітетін Иранның зымыран бағдарламасына байланысты және терроризмді қолдап отырғаны үшін салынған санкция мерзімін ұзартпақ. Конгресмендер бірнеше ай бойы санкцияны ұзарту жолдарын талқылаған.
Боб Коркер заң жобасы конгрестің президентке Иранмен жасалған халықаралық келісімге сай бұл елге салынған санкцияларды конгрестің мақұлдауынсыз жеңілдетуге жол бермейтін құзыретін қайта күшейтеді деп санайды.