Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов Еуропа және Азия елдері саммитіне қатысу үшін Моңғолияға барды деп хабарлайды үкіметтің ресми сайты.
Ресми ақпарат бойынша, Мәсімов Улаан-Баторға барар жолда этникалық қазақтар шоғырланған Баян-Өлгий қаласына барып, бірқатар кездесу өткізеді.
Сапар барысында Мәсімов жергілікті қазақ диаспорасымен кездесіп, мұражайға және драма театрына, Өлгийдегі орта мектепке барады деп жоспарланған.
10 шілдеде Баян-Өлгий қаласында су тасқыны жүріп, 100-ден аса үй қираған. 700-дей адам баспанасыз қалды. Ресми дерек бойынша апаттан бір бала қайтыс болған.
13 шілдеде Мәсімов Қазақстан Баян-Өлгийдегі селден зардап шеккен отбасыларға гуманитарлық көмек көрсететінін және мұны президент Нұрсұлтан Назарбаев тапсырғанын хабарлаған.
Баян-Өлгийде 90 мыңға тарта халықтың 88,7 пайызы - этникалық қазақтар.