Қазақстанда Ақтөбедегі шабуылдардан соң жарияланған террорлық қауіп-қатердің "сары" деңгейінің мерзімі 30 күнге ұзартылды деп хабарлайды республикалық террорға қарсы орталық.
Орталықтың мәліметінше, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының шешімімен 6 маусымда 40 күнге жарияланған Қазақстан аумағындағы террорлық қауіп-қатердің "сары" деңгейі 30 күнге ұзартылды.
Ақтөбе қаласында 5 маусымда болған қарулы топ шабуылы және полициямен қақтығыстан соң 40 күнге террорлық қатердің "сары" деңгейі жарияланып, SMS-хабарламалар таратылып, БАҚ арқылы ескертпелер жасалған.
5 маусымда Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері" болғанын және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.