Accessibility links

Түркия билігі әскерилер бүлігін басқанын мәлімдеді


Әскерилер бүлігі туралы хабардан соң Стамбулдағы Ататүрік атындағы халықаралық әуежай маңына жиналған халық. Түркия, 16 шілде 2016 жыл.
Әскерилер бүлігі туралы хабардан соң Стамбулдағы Ататүрік атындағы халықаралық әуежай маңына жиналған халық. Түркия, 16 шілде 2016 жыл.

Бүгін Анкарадағы резиденциясына оралған Түркия президенті Режеп Ердоған «әскерилер бүлігі басып тасталғанын» мәлімдеп, оны ұйымдастырғандар «қатаң жазаланады» деп, бұған дейін айтқан сөзін қайталаған.

Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым «бүлікті ұйымдастырған» генералдың қаза болғаны және 800-ге жуық адамның тұтқындалғаны туралы мәлімдеген. Түркия мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, елдің ішкі істер министрі Ефқан Ала бес генерал мен 29 полковникті армия қатарынан босатуға бұйрық берген.

Стамбул мен Анкара көшелерінде бұрынғысынша әскери техника мен полиция патрулі жүргені байқалады. Жұма күні кешкісін жұмысы тоқтап қалған мемлекеттік телеарна қайтадан хабар тарата бастаған.

Өткен түні әскерилердің билікті алғаны туралы таратқан мәлімдемесінен соң болған жаппай тәртіпсіздіктер мен қақтығыстар барысында Түркияда ондаған адам қаза тапқан. Олардың көбі ел астанасы Анкарада мерт болған деп хабарланды.

АҚШ және өзге де шет мемлекеттер «Түркияның демократиялық жолмен сайланған үкіметін қолдайтыны» туралы мәлімдеген.

Жұма күні кешкісін Түркия қарулы күштерінің бір бөлігі басшылыққа бағынудан бас тартып, елде әскери жағдай жариялап, үкіметтен билікті өз қолына алатындары және елді «бейбітшілік кеңесі» басқаратыны туралы мәлімдеген.

Ел президенті Режеп Ердоғанның халықты «заңды билікке қолдау таныту» үшін көшеге шығуға шақырған мәлімдемесі ұялы телефон арқылы тараған.

Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар туралы әзірше нақты ресми мәлімет жоқ.

XS
SM
MD
LG