Францияда Ниццадағы терактіге байланысты тағы екі адам күдікті ретінде тұтқындалған. Ақпарат агенттіктері сот шенеуніктерінің сөзіне сілтеме жасап, 17 шілде күні таңертең Ниццада бір ер және бір әйелдің ұсталғаны туралы хабарлады, бірақ әзірше ол адамдар жайлы нақты ақпарат жоқ.
Бұған дейін ұсталған бес адам қазір қамауда отыр, олардың арасында Ниццада ұзақ жылдар тұрған, тегі тунистік француз азаматы, 31 жастағы Мохамед Ляуэйж-Булэльдің бұрынғы әйелі де бар.
Мохамед Ляуэйж-Булэль 14 шілдеде Ниццада Бастилияның алынған күніне арналған мерекелік шараға жиналған жұртты 19 тонналық жүк көлігімен таптап өтіп, салдарынан 84 адам қаза тауып, 200-ден астам адам зардап шеккен, олардың кейбірі ауыр жарақат алған. Полиция шабуылшыны оқиға орнында атып өлтірген. Кейін «Ислам мемлекеті» террористік тобы Ниццадағы терактіге жауапкершілікті өзіне алатынын мәлімдеген. Шабуылшыны танитын адамдар бұған дейін оның іс-әрекетінен діни радикализмнің ешқандай белгілерін байқамағанын айтады.