Accessibility links

Түркияда 103 генерал мен адмирал ұсталды


Мармарис қаласында түрік полициясы бүлікке күдіктілерді ұстап әкетіп барады. Түркия, 17 шілде 2016 жыл.
Мармарис қаласында түрік полициясы бүлікке күдіктілерді ұстап әкетіп барады. Түркия, 17 шілде 2016 жыл.

Түркия билігі іске аспай мемлекеттік төңкеріс әрекетіне байланысты 103 генерал мен адмиралды тұтқындады деп хабарлады мемлекеттік Anadolu агенттігі.

15 шілдеде Түркияда әскерилердің бір бөлігі мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті басып алмақ болған әрекеті жүзеге аспай қалған. Бұдан соң президент Режеп Ердоған мемлекеттік органдарда "тазалау" жалғасатынын айтып, елде 6 мыңнан астам адам ұсталған. Бүліктен соң бірқатар полиция шенеуніктері, губернаторлар мен судьялар қызметтерінен босатылған.

Оппозициялық Республикалық халықтық партия (РХП) 18 шілдеде биліктің бүлікке реакциясы заң шеңберінен аспауы тиіс екенін мәлімдеді. Партия әскерилер жау ретінде суреттелмеуі тиіс екенін, бүлікке күдіктілер сотқа тартылуы керегін айтады.

Ал бүлік кезінде Грекияға тікұшақпен қонған түркиялық сегіз әскери қызметкер 18 шілдеде Александрополис қаласында "мемлекетке заңсыз кірді" деген айыппен сотқа тартылмақ. Түркия Грекия үкіметінен саяси баспана сұраған бұл сегіз әскериді қайтаруды талап етеді.

Әскерилердің адвокаттары олардың бүлікке қатысы жоғын, әскерилер Грекияға өздерін "полиция атқылаған соң" қашып барғанын айтады.

XS
SM
MD
LG