Accessibility links

Назарбаев: Алматыдағы шабуыл - теракт


Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда болған шабуылдарды террорлық акт деп атады.

Бүгін түстен кейін Ақордада Назарбаевтың төрағалығымен қауіпсіздік кеңесінің жиыны өткен. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақановтың және қауіпсіздік кеңесінің өзге де мүшелерінің есебі тыңдалған.

Назарбаев шабуылдан құрбан болғандардың туыстары мен зардап шеккендерге көңіл айтып, оларға психологиялық және материалдық қолдау көрсету қажетін айтқан.

"Қазір құқық қорғау органдары зұлым ниеттілердің кім екені, қандай мақсаты болғанын анықтап жатыр. Адам қарасы көп жиналатын жерлерді қорғап, жаралыларға жедел медициналық көмек көрсету, қылмыскерлердің жеке басын жедел түрде толық анықтау керек. Сонымен бірге Алматы тұрғындарын тұрақты түрде ақпараттан құлағдар етіп, жалпы қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету керек" деді Назарбаев.

Ол сонымен қатар "барлық сыбыстың алдын алып, арандатушыларды анықтау керек" екенін де айтқан.

Алматыда бүгін түске дейін белгісіз қарулы адамдар Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі мен ҰҚК департаментіне шабуыл жасаған. Ресми ақпарат бойынша, қаза тапқандар арасында үш полиция қызметкері (капитан Бауыржан Нұрмаханбетов, кіші сержант Мақсат Сәлімбаев және старшина Аян Ғалиев) мен бір бейбіт тұрғын бар. Жеті полиция жарақаттанған.

Республикалық антитеррорлық орталық шабуылға байланысты Алматы аумағында террорлық қауіп-қатердің қызыл деңгейін жариялаған.

Осыған байланысты қазір қаладағы ірі сауда орындары, банк бөлімшелері бүгінгі жұмыстарын аяқтаған. Вокзал, әуежай және метрода тексеру жұмыстары күшейтілген.

Полиция "шабуыл жасады" делінген екі адамның ұсталғанын хабарлады.

XS
SM
MD
LG