Accessibility links

Петропавлда "Сирияға барып-қайтқан" адам сотталды


"Сирияда террористік топ құрамында болғаны" үшін сотталған Марат Өмірзақов (ортада) сотта отыр. Петропавл, 18 шілде 2016 жыл.
"Сирияда террористік топ құрамында болғаны" үшін сотталған Марат Өмірзақов (ортада) сотта отыр. Петропавл, 18 шілде 2016 жыл.

Петропавлда бүгін "Сирияда террористік топ құрамында болды" деп айыпталған Марат Өмірзақовқа сот үкімі шықты деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Қалалық сот судьясы Михаил Гусев Өмірзақовты қылмыстық кодекстің 233-бабының 2-тармағы ("террористік топ құрып, басшылық жасау немесе оның қызметіне қатысу") бойынша айыпты деп тауып, жеті жылға соттауға үкім кесті. Судья Өмірзақовты жазасын жалпы режимдегі түзету мекемесінде өтеуге үкім етті.

Сот материалдары бойынша, 1969 жылы туған Марат Өмірзақов 2012 жылдың тамыз айында заңсыз Түркиядан Сирияға өтіп, халықаралық террористік ұйым құрамына кірген. Тергеу деректеріне қарағанда, ол Сирия аумағында үкіметтік қарулы күштерге қарсы іс-әрекеттерге қатысқан.

Марат Өмірзақовтың қорғаушысы Қуандық Мұхамедьяров Азаттыққа бұл үкіммен келіспейтінін айтып, сот үкіміне шағым түсіретіндерін білдірді.

Қорғаушы сот үкімімен Өмірзақов та, өзі де келіспейтінін айтты. Ол заңда белгіленген тәртіп бойынша шағым түсіретіндерін, барлық дәлелдерін апелляциалық шағымда көрсететінін жеткізді.

Өмірзақов соттағы соңғы сөзінде өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген. Ол сотқа куә ретінде тартылған, өзін "Сирияда көрдік" деген екі куәгерді танымайтынын да айтқан. Бұған дейін "Сирияда болғаны үшін" сотталған екі куәгер Өмірзақовтың сотында оны "Сирияда жүргенде көрдік" деген еді.

Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.

XS
SM
MD
LG