Алматыда Зенков, Мақатаев және Гоголь көшелері мен Абдуллиндер көшесі аумағы қоршауға алынды деп хабарлады Азаттық тілшісі. Бұған дейін қалалық ішкі істер департменті осы көшелер периметрінде полиция жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатқанын хабарлаған.
Азаттық тілшісі оқиға орнынан аумақта полиция жасағы мен полицияның бірнеше "Газель" көлігі тұрғанын айтады. Оқиға орнындағы полиция қызметкерлері шараға қатысты ақпарат бермейді. Қалдыаяқов көшесіндегі Interfood супермаркеті мен AlMed клиникасы орналасқан аумақ қоршалған.
ІІД азаматтарды тыныштық сақтап, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің талабына бағынуға шақырады.
Жедел іздестіру шараларының Алматыда 18 шілдеде болған шабуылмен байланысы бар-жоғы туралы әзірге ақпарат жоқ.
ІІД кезекші қызметкері Азаттыққа жедел іздестіру шарасы туралы ақпараты жоғын айтып, басқа мәлімет бермеді.