Accessibility links

ПАСЕ мен ЕҚЫҰ Шереметтің қазасын мұқият тексеруді сұрады


Журналист Павел Шеремет.
Журналист Павел Шеремет.

Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы (ПАСЕ) төрағасы Педро Аграмунт журналист Павел Шереметтің өлімін "сөз еркіндігі мен журналистің қауіпсіздігіне шабуыл" деп атап, Киевті бұл оқиғаны толық тексеруге шақырды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) да Шереметтің қазасын мұқият тексеруді сұрады. Ұйымның баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Дунья Миятович "Украинадағы журналистердің қауіпсіздігі ахуалы тиімді және дер кезінде шешілуі керек" деп мәлімдеді.

Павел Шереметтің қазасын тексеру ісіне АҚШ федералдық тергеу бюросы (ФБР) мамандары да қатыстырылмақ.

44 жастағы журналист Павел Шеремет бүгін Украина астанасында автокөліктегі жарылыс салдарынанқаза тапқан. Журналист қызмет еткен «Украинская правда» басылымының хабарлауынша, оқиға бүгін таңертең Богдан Хмельницкий мен Иван Франко көшелерінің қиылысында болған. Редакцияға бағыт алған журналист отырған автокөлік орнынан қозғалған соң оншақты метр ғана жүріп өтіп, іле-шала жарылыс болған.

Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенконың хабарлауынша, журналист отырған автокөлікте қуаты 0,4-0,6 килограмм тротилға тең қолдан жасалған жарылғыш зат іске қосылған.

Павел Шеремет – Беларусь, Ресей және Украина бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек еткен танымал журналист. Кәсіби қызметін Беларусь телеарнасында бастаған Шеремет 1998-2008 жылдар аралығында ресейлік «Первый канал» телеарнасының арнайы тілшісі, «Время» бағдарламасының жүргізушісі және бірнеше деректі фильмнің авторы ретінде танылды. Соңғы жылдары ол Украина астанасында тұрып, еңбек етті. Павел Шеремет Ресей қоғамдық телеарнасынан 2014 жылы шілдеде, Қырым аннексиясы мен Украинаның шығысындағы қарулы жанжал басталған соң жұмыстан кеткен.

XS
SM
MD
LG