Accessibility links

Қытайда тасқыннан 150-ден астам адам опат болған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қытайдың солтүстігі мен орталық аудандарында су тасқыны салдарынан 150-ден астам адам қаза тауып, ондаған адам хабарсыз кеткен. Жүздеген адам баспанасын тастап шығуға мәжбүр болған деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі британдық ВВС корпорациясына сілтеме жасап. Тасқын мен көшкіннен әсіресе Хэбэй және Хэнань провинциялары қатты зардап шеккен.

Хэбэйде 114 адам опат болып, 111 адам жоғалып кеткен. 50 мыңнан астам үй бүлінген.

Синтай қаласында 25 адам мерт болған. Тұрғындар тасқын туралы алдын ала ескертілмегені үшін билікті айыптап, наразылық шеруіне шыққан. Жұма күні мыңдаған тұрғын жолды жапқан, бірақ полиция оларды күштеп таратқан деп хабарлайды South China Morning Post басылымы. Наразылар сонымен бірге тасқын туралы алдын ала ескертілмейтіндігіне және адамдарды құтқару шаралары жеткіліксіз дәрежеде жүргізілетіндігіне шағым айтқан.

Хэнань провинциясында кемінде 15 адам қаза тауып, 72 мың адам эвакуацияланған.

Қытай билігі тасқыннан зардап шеккен аудандарды қалпына келтіруге қаржы берілетіні туралы хабарлаған. Зардап шеккен аудандардың бәрі электр қуаты мен көлік қатынасынан қиындық көріп отырғаны айтылады.

Қытайдың түрлі өңірінде маусым айының соңынан бері жауын толастамай тұр. Әсіресе Янцзы өзені бассейніндегі аймақтарда өте күрделі жағдай қалыптасқан. Биыл жазда Қытайда тасқын мен көшкін салдарынан 200-ден астам адам мерт болған.

XS
SM
MD
LG