Accessibility links

Түркия министрі Бішкекті Гүленнің жақтастарына қарсы шара қабылдауға шақырды


Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу.
Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу.

Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Қырғызстан билігін оппозициялық діни қайраткер Фетхулла Гүленнің жақтастарына қарсы шара қабылдауға шақырды. Министр бұл туралы Анталияда өткен демократияны қолдау акциясында айтқан.

Чавушоглу Түркияда шілденің 16-сы қараған түні мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетін ұйымдастырғандардың барлығы жауапқа тартылады деген.

Сонымен бірге ол Түркияға әлемнің бірқатар елдерінің үкіметтері қолдау танытқаны туралы мәлімдеген. Оның сөзінше, бұл елдер Гүленге қандай да бір қатысы бар ұйымдарды жабады. Ол елдердің қатарында әлгі жабылған мекемелерді террорлық ұйым деп таныған Сомали мен Солтүстік Кипр аталды.

«Гүленнің жақтастары Қырғызстанда нық отыр. Егер оларға қарсы ешқандай тиісті шаралар қабылданбайтын болса, онда сіздерге деген қатынасымыз өзгеруі мүмкін екенін айтқым келеді. Біз бауырлас елдерден тек осыны ғана сұраймыз. Біз күрделі жағдайға тап болған шақта бауырлас елдер шетте қарап отырмауы керек», - деген Чавушоглу.

Шілденің 16-сына қараған түні Түркияда әскери төңкеріс жасамақ болғандардың әрекеті сәтсіздікке ұшырап, билік бүлікті басты. Бүлікке қатысы бар деген күдікке ілінген бірнеше мың адам, солардың арасында жоғары лауазымды офицерлер, шенеуніктер мен судьялар қамауға алынды. Бұдан соң елде 43 мыңнан астам жеке меншік мектеп, мыңнан астам қор, отыз шақты денсаулық сақтау мекемесі және 15 жоғары оқу орны жабылған. Олар Гүленнің жақтастарымен байланыста болған күдікке ілінген.

Түркия билігі мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болғандардың артында қазір АҚШ-та тұрып жатқан ықпалды діни тұлға – Фетхулла Гүлен тұр деп санайды. Ресми Анкара оны тұтқындап, Түркияға қайтаруды талап етіп отыр. Фатхулла Гүлен Түркиядағы әскери төңкеріс жасау әрекетін айыптап, өзіне Анкараның таққан айыбын үзілді-кесілді жоққа шығарған.

XS
SM
MD
LG