Accessibility links

ХОК Ресей құрамасын Олимпиададан шеттету мәселесін қарап жатыр


Сочидегі қысқы Олимпиада ойындары. Ресей, 21 ақпан 2014 жыл.
Сочидегі қысқы Олимпиада ойындары. Ресей, 21 ақпан 2014 жыл.

Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) атқарушы кеңесі биыл Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарынан Ресей командасын толық құрамда шеттету туралы мәселеге байланысты шұғыл кеңесін бастады. Бұл туралы DPA агенттігіне сілтеме жасап «Осы шақ» сайты хабарлайды.

Кеңеске қатысып отырған 15 адам мемлекеттің араласуымен ұйымдастырылған допинг қабылдау және сынамаларды ауыстыру жайлы жанжалға байланысты бүкіл құраманы жарыстан шеттету керек пе деген мәселе бойынша шешім қабылдауы тиіс.

Агенттіктің хабарлауынша, ХОК атқарушы кеңестің шешімін бірден жарияламауы мүмкін. Ұйым өкілдерінің мәлімдеуінше, даулы мәселеге қатысты шешім шілденің 26-сынан кешіктірілмей жарияланады.

Шұғыл отырыс кезінде ХОК мүшелері бұған дейін ресейлік жеңіл атлеттерді Рио олимпиадасына қатыстырмау туралы тыйымды күшінде қалдырған Лозаннадағы спорттық арбитраж сотының шешімін зерттейді.

Ресейлік жеңіл атлеттер халықаралық допингке қарсы агенттік (WADA) жүргізген тексеру нәтижесі жарияланған соң Олимпиададан шеттетілген. WADA есебінде Сочиде 2014 жылы өткен қысқы Олимпиада ойындары барысында арнайы қызметтер допинг сынамаларын ауыстыру бойынша кең көлемді операция ұйымдастырғаны айтылған.

Ресейлік құраманы толығымен жарыстан шеттетуді 14 допингке қарсы ұлттық агенттік талап еткен. ХОК тарапына допинг дауына ілінбеген ресейлік «таза» спортшылардың жарысқа қатысуына мүмкіндік туғызу үшін жедел топ құру туралы ұсыныс жасалған.

XS
SM
MD
LG