Accessibility links

Атырауда Боқаев пен Аянның соты өтетін изоляторға жол жабылды


Макс Боқаев пен Талғат Аянның туыстары мен жақтастары белсенділер жатқан изолятордың алдында. Атырау, 29 шілде 2016 жыл.
Макс Боқаев пен Талғат Аянның туыстары мен жақтастары белсенділер жатқан изолятордың алдында. Атырау, 29 шілде 2016 жыл.

Атырауда азаматтық белсенділер, "жер мәселесі" жөніндегі митингіден соң қамауға алынған Талғат Аян Мен Макс Боқаевтың он шақты туысы мен жақтасы белсенділер жатқан абақтыға жаяу баруға мәжбүр болды. Тергеу изоляторында жергілікті уақыт бойынша сағат 10-да Боқаев пен Аянды бұлтартпау шарасы туралы мәселе қаралуы тиіс болатын. Соттың оларды тергеу аясында қамау мерзімі аяқталып келеді.

Талғат Аянның туысы Қайрат Оразбеков Азаттыққа өздері әдетте көлікпен изоляторға баратын көпір бүгін таңертең жабылғанын айтты. Оның сөзінше, бұл туралы ол әкесі Төлепқали Аянмен және Боқаев пен Аянның адвокатымен изолятордағы сотқа бара жатқанда білген. Оразбеков көпірмен қала жақтан кіретін жол жабылып, изоляторға баратын адамдар көлігін тастап қалған бес километрге жуық жолды жаяу жүруге мәжбүр екенін айтады.

Facebook-тегі "Макс пен Талғатты қолдау тобында" он шақты адам мен изоляторға жаяу бара жатқан адамдардың суреті жарияланды. Топта Макс Боқаевтың әпкесі Жанаргүл Боқаеваның "Изоляторға баратын жол жабық! Жолдың дәл бүгін жабылғаны қызық болып тұр, себебі ай бойы бұл көпірмен кедергісіз өтіп жүрдік!" деген сөзі келтірілген.

Боқаев пен Аянға әуелде "билікті басып алмақ болды" деген айып тағылған. Өткен аптада бұл айып "әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздырды", төтенше жағдай кезінде немесе соғыс жағдайында не көпшілік іс-шаралар кезінде көпе-көрінеу жалған таратты", "жиын, митинг, пикет немесе демонстрацияны ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзды" деген айыптарға өзгерген.

Сәуірде жер мәселесі бойынша Қазақстанның бірнеше қаласында көпшіліктің қатысуымен наразылық акциялары өткен еді. Осы шерулерден соң, мамырдың 5-і күні Қазақстан президенті жер кодексіндегі шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту, құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге жер сату туралы даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, үкімет жанынан жер реформасын қоғаммен талқылайтын комиссия құрылған.

Атырауда басталған шеруден кейін Алматы және басқа қалаларда белсенділер мамырдың 21-і күні наразылар митингіге шығуға тырысқанымен, көшедегі адамдарды жаппай полиция ұстаған. Мамырдың 21-і қарсаңында және сол күні ұсталған белсенділердің арасынан 30-дан астам адам 15 тәулікке қамалған.

Боқаев пен Аян және тағы ондаған белсенді 21 мамырдың қарсаңында ұсталып, үйлері тінтілген.

XS
SM
MD
LG