Accessibility links

Литва Шалабаевты Қазақстанға беруден тағы да бас тартты


Сырым Шалабаев.
Сырым Шалабаев.

Литва билігі Қазақстан мен Украинаға «БТА банктің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің туысы Сырым Шалабаевты беруден тағы да бас тартты деп хабарлайды ресейлік ақпарат құралдары. Литва апелляциялық соты 29 шілдеде бұған дейін қабылданған шешімді күшінде қалдырған. Вильнюс аумақтық соты 28 маусымда Қазақстан мен Украинаның Шалабаевты экстрадициялау туралы өтініші қанағаттандырылмайтыны туралы шешім шығарған еді.

Сырым Шалабаев Қазақстанның сұрауы бойынша 2015 жылы шілдеде Литвада ұсталған, екі айдан соң Литва оған саяси босқын мәртебесін берген.

Шалабаев қазақстандық бұрынғы банкир әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің әйелі Алма Шалабаеваның туысы. Әблязовтің өзі 2013 жылдың жазында Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресей биліктерінің сұрауы бойынша ұсталғаннан бері сол елде қамауда отыр. Ол өзіне Ресейге немесе Украинаға беру туралы Франция сотының шығарған шешіміне келіспей, шағым түсірген.

Қазақстан билігі Мұхтар Әблязовті 2009 жылға дейін «БТА банк» директорлар кеңесін басқарған кезде «миллиардтаған доллар жымқырған» айыптайды. Қазақстан тергеу орындары «қаржы ұрлауға Сырым Шалабаевтың да қатысы бар» деп санайды.

Әблязов пен Шалабаев өздеріне қарсы қозғалған істің «саяси астары бар» деп мәлімдеп, тағылған айыптарды мойындамайды.

XS
SM
MD
LG