Кабулде ауған қауіпсіздік күштері мен қонақүйге шабуыл жасаған "Талибан" жасақтары арасында жүрген ұрыс аяқталды. Полиция содырлар 1 тамызға қараған түні Northgate Hotel қонақүйі мен шетелдік келісім-шартпен жұмыс істейтіндерге қызмет ететін логистикалық орталық қақпасын жарылғыш зат тиелген көлікпен бұзып өтіп, кешенді басып алғанын айтады. Кабул полициясының басшысы Абдул Рахманның мәліметінше, шабуыл жасағандардың бірі беліне байлаған жарылғаш зат жарылып қаза тапқан, полиция екі содырдың көзін жойған. Операциядан бір полиция офицері қаза тауып, төртеуі жараланған.
Кабул халықаралық әуежайынан шығысқа қарай орналасқан қонақүй мен логистикалық орталыққа баратын жолдар жабылып, аймаққа ауған қауіпсіздік күштері мен ауған әскері, әскери көліктер жөнелтілген.
Ауған ақпарат құралдары "тазалау операциясына" НАТО-ның резолюциялық күштері миссиясы да тартылғанын хабарлайды.
Журналистер кешен аумағынан гранатометтен атылған снарядтар үні естілгенін айтады.
Қонақүйде болғандар мен қызметкерлері шабуылдан зардап шекпеген.
Шабуыл жасапкершілігін "Талибан" жасағы мойнына алып, жарылғыш тиелген көлік содырлардың кешенге басып кіруіне жол ашқанын мәлімдеді.
Әдетте жасаған шабуылдарының құрбандарын асыра көрсететін "Талибан" бұл шабуылдан "100-ден астам шетелдік қаза тауып, жараланғанын" мәлімдеп, оларды "америкалық басқыншылар" деп атады.
"Талибанның" Northgate Hotel қонақүйіне бұған дейін - 2013 жылы шілдеде жасаған шабуылынан бес адам - төрт непалдық пен бір британ азаматы қаза тапқан.