Қырғыз билігі «үкіметті құлатпақ болды» деген күдікпен оппозициялық Халықтық парламент қозғалысының тағы бір мүшесі Тойгонбек Калматовты тұтқындады. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Тойғонбек Калматовты 30 шілде күні тұтқындағаны мәлім болды.
Мамыр айында өзге сегіз оппозициялық саясаткер, оның ішінде Халықтық парламент қозғалысының жетекшісі, бұрынғы ауылшаруашылық министрі Бекболот Талғарбеков, бұрынғы судья Марат Сұлтанов және бұрын президент сайлауына қатысқан Торобай Колубаев осындай күдікпен ұсталған болатын.
Биліктің ұйғарымынша, Халықтық парламент қозғалысы жетекшілері мен белсенділері мамырда Бішкекте болған жиын кезінде "билікті күшпен басып алмақ болған".
Жиналғандар 17 мамырға дейін президент Алмасбек Атамбаевтан биліктен кетуін талап еткен болатын.
Қырғызстанда екі рет - 2005 және 2010 жылдары төңкеріс болған.