Accessibility links

Матаевтардың адвокаты сотқа бірнеше өтініш білдірді


Әсет Матаев (сол жақтан екінші) пен Сейітқазы Матаев (сол жақтан үшінші) адвокаттары Андрей Петровпен бірге сотта отыр. Астана, 3 тамыз 2016 жыл.
Әсет Матаев (сол жақтан екінші) пен Сейітқазы Матаев (сол жақтан үшінші) адвокаттары Андрей Петровпен бірге сотта отыр. Астана, 3 тамыз 2016 жыл.

Астананың Есіл аудандық №2 сотында бүгін Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаевтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, тыңдауда адвокат Андрей Петров судья Ақболат Құрмантаевқа бірнеше өтініш жасады. Матаевтарды сотқа күзетпен әкелді.

Адвокат Андрей Петров судьядан Матаевтарды әрқайсысына 500 айлық есептік көрсеткіш (бір айлық есептік көрсеткіш - 2121 теңге) көлемінде кепіл төлеп, үйқамақтан босатуды сұрап, өтініш білдірді.

Адвокат Петров сонымен қоса сотты Матаевтар сотқа дейін үйқамақта отырған Алматыда өткізуді, сот-экономикалық сараптама тағайындауды сұрады.

Сотқа жәбірленуші жақ ретінде қатысып жатан "Қазақтелеком" компаниясының өкілі Әнуар Мұқаев Матаевтарды кепілге босатуға қарсы емесін білдірді.

Сотқа жәбірленуші тарап ретінде индустрия және даму министрлігінің байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің өкілдері де қатысып жатыр. Сотқа Матаевтардың туыстары, он шақты БАҚ өкілдері келген.

Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үйқамақта отыр. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынған. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толыққанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады.

Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып "қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.

XS
SM
MD
LG