Accessibility links

Джозеф Стиглиц пен Марк Пит «Панама құжаттары» жөніндегі комиссиядан шықты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Америкалық экономист, Нобель сыйлығының иегері Джозеф Стиглиц пен коррупциямен күрес бойынша швейцариялық сарапшы Марк Пит Панаманың қаржы жүйесінің ашықтық деңгейін зерттеу үшін құрылған «Панама құжаттары» жөніндегі комиссия құрамынан шығуды ұйғарды.

Екі сарапшы Панама билігінен комиссияның жасаған қорытындысын жариялау жөнінде кепілдік ала алмағандарын айтады. Reuters агенттігіне сұхбатында Джозеф Стиглиц Панама билігі «бұл елдің қазіргі заманғы, ашық емес қаржы жүйесінен пайда тауып отырғандардың тарапынан қысымға ұшыраған болуы мүмкін» деген жорамал жасаған.

Базель университетінің криминология профессоры Марк Пит те Панама билігін сынаған. Оның сөзінше, Панама үкіметі әуелі сарапшыларды шақырады да, атқарған «жұмыс оларға жақпай қалса, ауыздарыңды жабыңдар деп бұйырады».

Комиссия құрамында жеті сарапшы болған. Панама билігі комиссия құрамынан шығу туралы Стиглиц пен Питтің шешіміне комиссия мүшелерінің «ішкі қайшылықтары» себеп болған деп түсіндірген. Комиссия қатарында қалған сарапшылардың бірі, Панама каналының бұрынғы басқарушысы Альберто Алеман да комиссияның жұмысы ашық емес деген сөзді жоққа шығарған.

Комиссияның зерттеу жұмыстарына панамалық Mossack Fonseca заң фирмасының11,5 миллионнан астам құжаты баспасөз құралдарының қолына түскен соң басталған. Көпшілікке жария болған ол материалдар арқылы әлемде көптеген саясаткерлер мен танымал тұлғалардың салықтан қалай жалтарғаны әшкере болған еді. Ондай қитұрқы әдіс-амалдармен салықтан жалтаруға көмектесетін фирмалар Панама территориясында орналасқан.

XS
SM
MD
LG