Ресей президенті Владимир Путин Украина үкіметін бейбітшілікке "террор" арқылы жеткісі келеді деп айыптап, Мәскеу Қырымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін "салмақты шаралар" қабылдайтынын ескертті. Путиннің бұл сөзінен бұрын Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі (немесе ФСБ) қауіпсіздік қызметінің екі қызметкері қаза тапқан екі оқиға туралы мәлімдеген. ФСБ бұл оқиғалар кезінде "Украина барлау қызметі мен қорғаныс министрлігі ұйымдастырған Қырымдағы маңызды инфрақұрылымдық нысандарға зымияндық әрекет жасау" актісінің алды алынғанын айтады.
Украина президенті Петр Порошенко бұл айыптауларды "қиял" және жаңа әскери доңайбат көрсетуге ілік іздеу деп атады. Украина қорғаныс министрлігі ФСБ-ның мәлімдемесі "басқыншылықты ақтау" және Қырымға қайтара әскер кіргізу әрекеті сияқты көрінетінін мәлімдеді.
Украина сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Дмитро Кулеба Twitter-дегі парақшасында "Путин соғысты жалғастырғысы келеді. Ресей шиеленісті ұлғайтып, соғыс бастауға ілік іздеп тұр, Батыстың реакциясын тексеріп жатыр" деп жазды.
Соңғы уақытта Украинаның шығысында үкімет әскері мен Мәскеу қолдайтын сепаратистер арасында қақтығыс күшейген.