Accessibility links

Қарағанды авиазауытын сату аукционы өтпей қалды


Құрастырылып бітпеген «Фермер-2» ұшағы. Бұл ұшақ егістікті дәрілеуге арналған. Қарағанды облысы, 9 тамыз 2016 жыл.
Құрастырылып бітпеген «Фермер-2» ұшағы. Бұл ұшақ егістікті дәрілеуге арналған. Қарағанды облысы, 9 тамыз 2016 жыл.

Қарағандыдағы бүгінге белгіленген "ҚазАвиаСпектр" шағын ұшақтар жасайтын зауытын сату болмай қалды. Үлкен салтанатпен ашылған, бірақ сол күйі бір де бір ұшақ шығармаған зауыттың бастапқы бағасы 1 миллиард 22 миллион 606 мың теңге (шамамен 3 миллион доллар) деп белгіленген. Мемлекеттік мүлік реестрі сайтындағы бірыңғай электрондық аукцион қорытындысы туралы хаттамада "аукционға қатысуға екіден аз өтініш берілгендіктен" сауда болмады деп танылғаны айтылады.

Сатылымға зауыттың 9 мың шаршы метрден асатын әкімшілік-өндірістік ғимараты ғана емес, сонымен бірге зауыт инфрақұрылымы құрылысына деп 49 жылға уақытша қайтарымды түрде берілген жер телімі, уақытша пайдалануға берілген бөлінетін бірнеше жер телімі де шығарылған. Сот орындаушылары зауыттың жылжымайтын мүлкін сатылымға соттың "ҚазАвиаСпектр" компаниясының "ҚазАгроФинанс" компаниясына қарызын өндіріп беру туралы қаулысы бойынша шығарған.

Негізінен ауыл шаруашылығында пайдаланылатын шағын ұшақтар шығарумен айналысады деп жоспарланған «ҚазАвиаСпектр» зауыты 2011 жылы ресми түрде ашылған. Зауытты іске қосуға арналған салтанатты рәсімге қатысқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысын ұшақ жасау және өзге салалардағы жаңа жобалар үшін мақтаған болатын. Инфрақұрылым салуға «Жол картасы-2020» бағдарламасынан 700 миллионнан аса теңге бөлінген. Ал «ҚазАгроФинанс» компаниясы арзан пайызбен бірнеше несие бөліп, ақыры жалпы несие көлемі бір миллиард теңгеден асқан. Кәсіпорын зауыт құрылысына өз қаражатын да салған.

Зауыт бірнеше жыл ішінде бірде-бір ұшақ шығара алмағаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев жобаны «көзбояушылық» атап, қатты сынаған. Қайтармаған қарыздарын жабу үшін зауыт сатуға шығарылып, ал мамандарды таратып жіберген.

XS
SM
MD
LG