Accessibility links

Астанада "Айсанам de luxe" үлескерлері митинг өткізді


"Азбука жилья" компаниясының үлескерлері акция өткізіп тұр. Астана, 12 тамыз 2016 жыл.
"Азбука жилья" компаниясының үлескерлері акция өткізіп тұр. Астана, 12 тамыз 2016 жыл.

Астанада бүгін "Азбука жилья" компаниясының құрылысы аяқталмаған "Айсанам de luxe" тұрғын үй кешенінің үлескерлері рұқсат етілген митинг өткізді. Кеше қала билігі оларға қала сыртында акция өткізуге рұқсат берген.

Митингіде «Айсанам de luxe» үлескерлер" плакаттар ұстап шығып, жергілікті биліктен өздерінің тұрғын үй мәселелеріне араласуын талап етті. «Айсанам de luxe» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің төрағасы Мұрат Қасеновтің айтуынша, олардың үйлері 2013 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Бірақ бүгінге дейін үйдің небәрі 35 пайызы тұрғызылған. Ол өздерінің кооперативінде 228 адам барын және бұлар құрылысы аяқталмаған тек бір кешенге қатысы бар үлескер екенін айтты.

- Негізгі талабымыз - әкімдік бұл мәселеде ішінара болса да кінәлі болғандықтан бізге ұсынылып отырған мердігер - "Орда Инжинирингтің" бізге үйімізді салып беретініне бақылау жасау міндетін өзіне алсын, - деді Мұрат Қасенов.

Митингіге келген Астананың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау (МСҚБ) бақылау басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Досқұловтың айтуынша, "Орда Инжиниринг" компаниясын құрылысы аяқталмаған басқа да компаниялардың үлескерлерінің көпшілігі "Азбука жильяның" аяқталмаған үйлерін салып береді деп таңдаған. Ол сонымен қатар бұл мәселеден "әкімдіктің шеттеп қалмайтынын" және "Азбука жильяның" проблемасы бар үлескерлеріне көмектесетінін айтты.

- Әкімдік пәтерлердің заңсыз түрде пайдалануға берілмей жатқанын анықтаған кезде зардап шеккендерден арыз түспегендіктен қылмыстық іс қозғалған жоқ. Сіздер талаптарыңызды 2015 жылдың соңында ғана қойдыңыздар. Әкімдік осыны, көпшілік инвестордың пікірін ескеріп шара қабылдады, - деді Дәулет Досқұлов.

Астанада "Азбука жилья" компаниясының уақытында өз пәтерлерін ала алмай жүрген үлескерлерінің саны төрт мыңға жуықтайды. 2015 жылдың қазанындағы мәлімет бойынша, "Азбука жилья" басшылығы жымқырды делінген қаржы көлемі 27 миллиард теңгеге жетеді.

XS
SM
MD
LG