АҚШ вице-президенті Джо Байден ресми Анкара мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды деп айыптап отырған оппозицияшыл діни тұлға Фетхулла Гүленді экстрадициялау мүмкіндігін талқылау үшін Түркияға келеді деп мәлімдеді сенбі күні Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым. Оның мәлімдемесіне қатысты Америка тарабы әзірше комментарий берген жоқ.
Байден бастаған АҚШ әділет министрлігі делегациясының сапары тамыздың 22-іне жоспарланған. Одан кейін АҚШ-қа түрік делегациясы барады деп хабарланған. Сонымен бірге қазан айында Анкараға АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри де сапармен келмекші. Түркия премьері Гүленді экстрадициялау мәселесіне қатысты АҚШ-тың шешімі екі елдің қарым-қатынасына әсер етеді деп атап айтқан.
Түркия билігі 15 шілдеде болған мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне қатысы бар деген күдікпен 20 мыңнан астам адамды ұстаған, 80 мыңнан аса мемлекеттік қызметшілер, полиция қызметкерлері мен әскерилер жұмыстан қуылды. Олардың барлығы қазіргі кезде АҚШ-та тұрып жатқан оппозицияшыл діни қайраткер Фетхулла Гүленмен байланысы бар деген күдікке ілінген. Анкара Вашингтонға Гүленді қайтаруды сұрап, өтініш жолдаған. Тамыз айының басында Түркия билігі Гүленді тұтқындауға шешім шығарған. Гүлен егер өзінің кінәлі екенін тәуелсіз сот дәлелдейтін болса өз еркімен түрік үкіметіне берілетіні туралы мәлімдеген.