Германияның арнайы қызметі ел аумағында босқындарды экстремистік ұйымдар қатарына тартуға әрекет жасаған 340-тан аса оқиға өздеріне белгілі екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, исламшылар босқын жастарды мигранттарға арналған жатақханаларда қатарына тартуға тырысады. Германия билігінің мәлімдеуінше, ондай оқиғалар бұдан да көп болуы мүмкін деп хабарлайды dpa агенттігі.
Былтыр Таяу Шығыстан барған миллионнан аса адам Германиядан өздерін паналатуды сұраған. Биыл маусымда босқындар жасаған шабуылдардан соң ел үкіметі «ашық есік саясаты» үшін сынға қалған. Германия канцлері Ангела Меркель шабуылдарды айыптаған, бірақ көші-қон саясатын өзгертуден бас тартқан.
Еуропа одағы полиция қызметінің хабарлауынша, Еуропада былтыр терроризм күдігімен мыңнан астам адам ұсталған. Олардың көпшілігі айыпты деп танылған.