Қазақстан сыртқы істер министрлігі Өзбекстанда жоғалды делінген Қазақстан азаматы Вохиджон Ниязовтың Өзбекстан құқық қорғау органдары ұстағанын растады.
Министрлік баспасөз қызметінің Азаттыққа айтуынша, 1988 жылы туған Вохиджон Ниязовты 28 шілдеде кедендік бақылау кезінде ұялы телефонынан діни экстремизмді насихаттайтын видеоролик тапқан соң ұстаған.
- Өзбекстандағы елшілігімізден алынған мәлімет бойынша, Ниязовқа Өзбекстан қылмыстық кодексінің 241-бабының 1-тармағы бойынша ("экстремистік сипаттағы материалдар контрабандасы") айып тағылған. Қазір тергеу жүріп жатыр. Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі Ниязовқа консулдық көмек көрсетіп жатыр, - деді баспасөз қызметінің өкілі.
Министрлік мәліметінше, Ниязовты Өзбекстанның Ұлттық қаіпсіздік қызметі ұстады ма, әлде ішкі істер министрлігі ұстады ма, ол жағы белгісіз.
Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының тұрғыны Вохиджон Ниязовтың әкесі Ниматжан Ниязов Азаттыққа тамыздың басында Оңтүстік Кореядан Ташкент арқылы ұшып келе жатқан ұлының Өзбекстанда жоғалып кеткенін айтқан еді. Вохиджон Ниязов шілденің 28-і түнде Оңтүстік Кореядан Өзбекстанның Ташкент қаласы әуежайына келіп түскен. Кедендік бақылау постына кіргеннен кейін оны ешкім көрмеген. 27 жастағы жігіттің әкесі ұлын «Өзбекстан қауіпсіздік қызметі ұстады» деп болжайды.