Accessibility links

Боксшы Елеусінов - олимпиада чемпионы


Данияр Елеусінов Рио олимпиадасында.
Данияр Елеусінов Рио олимпиадасында.

Қазақстан боксшысы Данияр Елеусінов Рио олимпиадасында 69 килограмда алтын алды. Ол финалда өзбекстандық Шахрам Гиясовпен бокстасып, айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Елеусінов 2013 жылы Алматыдағы әлем чемпионатында алтын, 2015 жылы Дохада өткен әлем біріншілігінде күміс алған. Екі дүркін Азия ойындарының чемпионы.

Осыған дейін 91 килограмда бокстасқан Василий Левит күміс медаль алған. 81 килограмда Әділбек Ниязымбетов кубалық Хулио Сезар Ла Крузбен алтынға таласады. Финал 18 тамызда өтеді.

+91 килограмда Иван Дычко жартылай финалда ұлыбританиялық Джойс Джозефпен кездеседі. Бұл жекпе-жек 19 тамызда болады.

Қазірге дейін Қазақстан құрамасы Рио олимпиадасында үш алтын, екі күміс, төрт қола медаль иеленді.

Бұған дейін ауыр атлетикадан Нижат Рахимов пен жүзуден Дмитрий Баландин алтын жүлде алған. Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика) мен Елдос Сметов (дзюдо) күміс медаль еншілеген. Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Карина Горичева мен Фархад Харки (екеуі де - ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика) қола медаль иеленген. Қазақстан 17 тамыздағы командалық есепте 17-орында тұр.

XS
SM
MD
LG